ҚАЗАҚСТАНДА 169 БАЛА ЕСТУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ БОЛДЫ: ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ 225 КОХЛЕАРЛЫҚ ИМПЛАНТАТТАУ ОПЕРАЦИЯСЫ ЖАСАЛДЫ
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда кохлеарлық имплантаттау бойынша 225 операция жасалды.
Оның 169-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Мемлекеттік кепілдіктердің шеңберінде операцияларды жүргізуге 1,81 млрд теңге бағытталды.
Есту қабілеті бұзылған балаларға ерте көмек көрсетуге ерекше назар аударылады. Жасалған операциялардың жалпы санының 124-і бес жасқа дейінгі балаларға жүргізілді. Бұл кезеңде есту арқылы қабылдау мен сөйлеу белсенді қалыптасатындықтан, есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтау және емдеуді уақтылы бастау баланың одан әрі дамуы үшін аса маңызды.
Кохлеарлық имплантаттау есту қабілеті терең жоғалған жағдайда, қарапайым есту аппараттары қажетті нәтиже бермеген кезде қолданылады. Алайда операцияның өзі есту қабілетін қалпына келтірудің алғашқы кезеңі ғана болып табылады.
Имплант орнатылғаннан кейін шамамен бір айдан соң оны іске қосу және баптау жүргізіледі. Одан кейін ұзақ мерзімді есту-сөйлеу оңалтуы басталады. Баламен сурдологтар мен сурдопедагогтер жұмыс істейді, ал ата-аналарға оңалтуды үй жағдайында жалғастыру үшін арнайы жаттығулар өткізу әдістемесі үйретіледі.
Нәтижеге қол жеткізудің маңызды шарты – диагностика мен хирургиялық араласудан бастап жабдықты баптау және кейінгі оңалтуға дейінгі медициналық сүйемелдеудің үздіксіздігі. Бала бір мамандар тобының тұрақты бақылауында болған кезде есту арқылы қабылдау мен сөйлеу қабілетінің даму динамикасын жүйелі түрде бақылап, қажет болған жағдайда көмек көрсету бағдарламасын уақтылы түзетуге мүмкіндік туады.
Ата-аналар үшін негізгі бағдарлардың бірі – ерте диагностика болуы тиіс.
Егер бала дауысқа реакция білдірмесе, үйреншікті дыбыстарға жауап бермесе, өзіне қаратып сөйлегенде назар аударуды тоқтатса немесе сөйлеуінің дамуы айтарлықтай кешеуілдесе, есту қабілетін тексеріп, маманға жүгіну қажет.
Денсаулық сақтау жүйесінің міндеті – есту қабілеті бұзылған балаларға медициналық көмекті уақтылы көрсетуді, есту қабілетін қалпына келтірудің заманауи технологияларына қолжетімділікті және қажетті оңалтуды қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл баланың толыққанды дамуына, білім алуына және қоғамға бейімделуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Источник: Министерство здравоохранения РК — gov.kz



