Халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар марапатталды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қырғызстанда өткен VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін және тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы Ермұхамед Әләйдарды қабылдады. Спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, алдағы сайыстарына сәттілік тіледі.
«Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің, Сыр өңірінің намысын лайықты қорғап, жүлделі орындарға ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» деп атап өтті.
Әлемнің 113 мемлекетінен үш мыңға жуық спортшы бақ сынасқан тартысты додада үш жерлесіміздің жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуін ерлік деп санаймын.
Жарыс қорытындысы бойынша алыш күресінен Жандос Әбубәкіров қола жүлде еншіледі. Ал көк бөрі ойынынан Нұрлыбек Асқаров, көкпардан Алмат Жүнісов ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс медалға ие болды.
Сондай-ақ, Румынияның Бухарест қаласында тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионатында талантты спортшымыз Әлайдар Ермұхаммед айқын басымдықпен жеңімпаз атанды.
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, табандылықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында көк байрағымыз көкке көтерілді. Ел мерейін үстем етіп, ұлттық спортты дамытуға қосып жүрген сүбелі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз!
Спортшыларымыздың жарқын жеңісінің негізінде білікті бапкерлер Сламхан Боранбаев пен Хакімжан Елеусіновтің табандылығы мен ерен еңбегі жатыр.
Алдағы уақытта да отандық спортты жаңа деңгейде көтеріп, байрақты бәсекелерде жоғары нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін. Еліміздің абыройын асқақтатар жеңісті күндеріңіз көп болғай!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте 74 медальмен бірінші орын алды.
Жиында Алмат Жүнісов, Сламхан Боранбаев сөз сөйлеп, жеңімпаз спортшыларға Мемлекет басшысының Алғыс хаты, облыстың Құрмет Грамотасы және қаржылай сертификат табысталды.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде заманауи үлгідегі 27 спорт кешені пайдалануға берілді. Осы кезде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта 6 спорт кешені ел игілігіне табысталады.
Өңірде 377 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады, бұл – халықтың 44,6 пайызы. Саланы дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың арқасында жыл басынан бері Сыр спортшылары Әлем, Азия чемпионаттарынан 34 алтын, 27 күміс, 28 қола медаль жеңіп алса, Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 192 алтын, 150 күміс, 192 қола жүлдеге қол жеткізген.
Источник: Акимат Кызылординской области — gov.kz



