Астанада жалпы еңбек өтілі 350 жылды құрайтын ұстаздар әулеті тұрады
Астана қаласындағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің педагог-психологі Дилар Жақсыбаева – жеті буыннан бері білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаздар әулетінің өкілі. Жас маманның еңбек жолын бастағанына небәрі бес ай болғанымен, оның отбасының ұстаздық тарихы 1917 жылдан басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әулеттің алғашқы ұстазы – Ғұсман Ерғалиұлы Бижанов. Ол Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Төңкеріс ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып 20 жыл еңбек еткен. Отбасылық деректерге сәйкес, Ғұсман Ерғалиұлы өз қаражатына мектеп салдырып, ауыл балаларының білім алуына жағдай жасаған. Кейін соғыс жылдарында Отан қорғау жолында майданға аттанған.
Оның ұлы Ғажып Ғұсманұлы Бижанов та әкесінің ағартушылық жолын жалғастырған. Ол саналы ғұмырының 60 жылын білім және рухани тәрбие саласына арнаған. Қазақ, араб және орыс тілдерін меңгеріп, 30 жыл араб тілінен сабақ берген. Кейін тағы 30 жыл мешітте имам болып, балаларға білім берді.
Ұстаздық дәстүр Дилардың анасы Ажар Ерсейітқызы Капетованың бойында да жалғасты. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 30 жыл. Тарих пәні мұғалімі әрі білім беру саласының ұйымдастырушысы ретінде Ақтөбе мен Ақтау қалаларындағы мектептерде еңбек еткен. Бүгінде №92 мектеп-лицейінде тарих пәні мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Әулеттің тағы бір көрнекті өкілі – Дилардың атасы Жақсыбай Ақбатырұлы Капетов. Математика пәні мұғалімі атанып, бірнеше ауыл мектебін басқарған.
1984-2013 жылдары Жайсан ауылындағы мектепке жетекшілік еткен. Жалпы еңбек жолында қырық жылдан астам уақытын білім саласына арнаған.
Әжесі Әлима Жолекенқызы Капетова да ұстаздық жолды таңдаған. Ол бастауыш сынып мұғалімі болып, Целинный, Андреевка және Жайсан ауылдарындағы мектептерде еңбек етті. Оның мектептегі еңбек өтілі де қырық жылға жуықтайды.
Әулеттің басқа да өкілдері ұстаздық жолды таңдаған. Дилардың әкесінің ағасы Ақан Жақсыбайұлы Капетовтің педагогикалық еңбек өтілі – 26 жыл. Қазіргі таңда Жайсан көпсалалы колледжінде арнайы пәндерден сабақ береді. Ал Әсемгүл Кеикбайқызы Капетова физика және информатика пәндерінің мұғалімі ретінде 20 жылға жуық уақыттан бері білім саласында еңбек етіп келеді.
Сонымен қатар әулеттің аға буынында Жолекен Жұмағалиұлы Жұмағалиев – бастауыш сынып мұғалімі әрі кешкі мектеп директоры, Нұрзада Жолекенқызы Мұқaнова – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Тамара Жолекенқызы Құрманғазина – математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарған.
Осылайша, бір әулеттен бастауыш сынып мұғалімдері, пән мұғалімдері, мектеп директорлары, колледж оқытушылары шыққан. Олардың арасында білім берумен қатар, ауыл мектебін дамытуға, балаларға рухани тәрбие беруге және болашақ мамандарды даярлауға үлес қосқан жандар бар.
Бүгінде жеті буындық ұстаздар әулетінің жолын Дилар Жақсыбаева жалғастырып отыр. Педагог-психолог ретінде ол оқушылардың психологиялық жағдайына, тұлғалық дамуына және өз қабілетіне сенімді болуына қолдау көрсетеді.
«Мен үшін ұстаздық – үлкен жауапкершілік, балаға деген мейірім және ата-бабамыздан жалғасқан аманат. Жақындарым балаларға білім беріп, бағыт-бағдар көрсетсе, менің міндетім – баланың өзін түсінуіне, өз күшіне сенуіне және қиындықтарды еңсеруіне көмектесу», – дейді жас педагог.
Жеті буынға жалғасқан ұстаздық дәстүр бір отбасының ғана тарихы емес, бірнеше ұрпақтың білім мен тәрбиеге қосқан үлесінің шежіресі. Әулеттің әр буыны өз дәуірінде мектепте, колледжде, ауылда және қалада еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуге үлес қосқан.
Ал Дилар үшін бұл жол енді басталды. Бес айлық еңбек жолы – ғасырдан астам уақыт бұрын басталған отбасылық дәстүрдің жаңа кезеңі.
Источник: Акимат города Астаны — gov.kz



