ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МИНИСТРЛІКТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевпен кездесуінде өңірдегі білім сапасын арттыруға қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тамыз конференциясында Түркістан облысындағы білім сапасына қатысты айтқан тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды. Негізгі назар – мектептердегі оқу нәтижелерін жақсарту, білім сапасындағы алшақтықты азайту және оқушылардың білім жетістіктерін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарға аударылды.
Облыстық білім басқармасы өңірдегі мектептердің қазіргі ахуалы, оқу жетістіктерін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы міндеттер туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бағалау нәтижелері сараланып, көрсеткіштері төмен білім беру ұйымдарындағы жағдайды жақсарту тетіктері қарастырылды.
Талқылау барысында педагогтердің кәсіби құзыретін жетілдіру, мектептерге әдістемелік қолдауды күшейту, білім алушылардың оқу сауаттылығы мен пәндік білім деңгейін арттыру, сондай-ақ білім сапасына әсер ететін факторлар бойынша кешенді жұмыс жүргізу мәселелеріне басымдық берілді.
Кездесу қорытындысында Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі білім сапасын арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге келісті. Анықталған мәселелер бойынша нақты іс-шаралар әзірленіп, олардың орындалуы жүйелі түрде бақылауда болады.
Түркістан облысы үшін басты міндет – әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптастырып, мектептердің оқу нәтижесін тұрақты түрде жақсарту. Осы бағыттағы жұмыстар өңірдегі білім сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспар аясында жалғасын табады.
Источник: Акимат Туркестанской области — gov.kz


