ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ 4 ЖАСАР БҮЛДІРШІН 195 ЕЛДІҢ ТУЫН ЖАТҚА БІЛЕДІ
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының Бостандық ауылында тұратын кішкентай Афшона Абдикаримова географияға деген ерекше қызығушылығымен көпшілікті таңғалдыруда.
Афшонаның географияға деген қызығушылығы 3 жасынан басталған. Үйдегі әлемнің саяси картасын қызыға зерттеген бүлдіршін алдымен картада бейнеленген мемлекеттердің туларына назар аударған. Бауырларымен бірге елдердің тулары мен атауларын үйренуге қызығушылық танытып, қысқа уақыт ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізген.
Ата-анасының сөзінше, күн сайын 5-10 минут уақыт бөлу арқылы баланың қызығушылығы жүйелі түрде қолдау тапқан. Нәтижесінде екі ай ішінде Афшона әлемдегі 195 мемлекеттің туын ел атауларымен бірге меңгерсе, кейін олардың астаналарын да еркін атайтын деңгейге жеткен.
Қазіргі таңда Афшона Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылында орналасқан «Айзере-Ынтымақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі. Ол географиядан бөлек шахмат пен үстел теннисіне де қызығушылық танытады.
Бүлдіршіннің ерекше қабілеті шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударған. Ол Kids World Record ресми сайтындағы викторина бойынша рекорд иегері атанса, International Book of Records ұйымы тарапынан «Super talented kid one in a million» атағына лайық деп танылған.
Ата-анасының айтуынша, Афшона үшін бұл тек жаттау емес, күнделікті қызығушылыққа айналған. Ол кешкі уақытта өзі картаның алдына барып, ата-анасынан елдер туралы сұрап, жаңа ақпараттарды үйренуге ынта білдіреді.
Бір картадан басталған қызығушылық бүгінде 195 елді қамтитын үлкен білімге ұласып отыр. Афшонаның бұл жетістігі баланың табиғи қызығушылығын дер кезінде байқап, оны қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник: Акимат Туркестанской области — gov.kz



