ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН ҒАЛЫМ 70 ЖАСҚА ТОЛДЫ
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлдай Ержановамен кездесіп, аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтады.
Ұлдай Рысқалиқызы саналы ғұмырын ұстаздық қызмет пен ғылыми ізденіске арнап, қазақ тіл білімінің дамуына сүбелі үлес қосты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, білікті мамандардың бірнеше буынын тәрбиеледі.
Ғалымның Ақжайық өңірінің жер-су атауларын зерттеуге арналған іргелі еңбектері өлкенің тарихи-мәдени мұрасын танытуда айрықша маңызға ие. Сондай-ақ ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тарихи атауларды қалпына келтіруге, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысты.
– Тіл – ұлттың рухани болмысы мен тарихи жадының өзегі. Сіздің қазақ тіл білімін дамыту, туған өлкенің тарихын зерделеу және жас ұрпаққа сапалы білім беру жолындағы қажырлы еңбегіңіз зор құрметке лайық. Ұстаздық өнегеңіз бен ғылыми мұраңыз кейінгі буынға үлгі бола бермек, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары мерейтой иесіне көпжылдық жемісті қызметі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, отбасы амандығын және шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Ұлдай Рысқалиқызы көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі



