Ұлытау облысында педагогтер арасында «Ой-сандық» зияткерлік байқауы өтті
Жезқазған қаласында педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, оқу және математикалық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Ой-сандық» зияткерлік байқауының өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Байқауды Ұлытау облысының білім басқармасы, «Zerdeli Group» ЖШС және «Республикалық математиктер клубы» бірлесіп ұйымдастырды.
Зияткерлік сайысқа өңірдің қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәндерінің мұғалімдері қатысты. Педагогтер логикалық ойлау, күрделі тапсырмаларды шешу және оқу сауаттылығы бойынша білімдері мен кәсіби шеберліктерін сынға салды.
Байқау жұптық, топтық және командалық кезеңдерден тұрды. Қатысушылар өзара бақ сынаумен қатар, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, кәсіби тәжірибе алмасты.
«Ой-сандық» зияткерлік байқауы педагогтердің зияткерлік әлеуетін арттыруға, кәсіби ізденісін қолдауға және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған.
Сонымен қатар 24 қарашада облыстың математика пәні мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинар өткізу жоспарланған. Семинарда олимпиадалық есептерді шешудің тиімді тәсілдері, математикалық ойлауды дамыту және дарынды балалармен жұмыс істеу мәселелері қамтылады.
Источник: Акимат области Ұлытау — gov.kz



