Мемлекет басшысы марапаттаған спортшылар қатарында екі ақмолалық бар
Мемлекет басшысы Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Марапатталған спортшылардың қатарында Ақмола облысының өкілдері Давид Дегтярев пен Еркін Ғаббасов та бар. Олар халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мен еліміздің мерейін асқақтатты.
Еске салайық, Жапонияда өткен V жазғы Азия пара ойындарында Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алып, жарыстың жаңа рекордын орнатты. 191 келі салмақты бағындырған спортшы жеке рекордын қайталап, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама иеленді.
Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын медальді ақмолалық спортшы Еркін Ғаббасов салды. Ол нысана көздеуден топ жарып, алтын жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар алдағы Лос-Анджелес Паралимпиадасына қатысуға лицензия жеңіп алды.
Давид Дегтярев пен Еркін Ғаббасовтың жетістіктері – Ақмола облысы үшін зор мақтаныш. Бұл жеңістер – спортшылардың табанды еңбегі, қайсар рухы мен мақсатқа деген ұмтылысының, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамының кәсіби шеберлігінің жемісі. Ақмолалық спортшылардың бұл табысы еліміздің спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі болып қала бермек.
Источник: Маслихат города Косшы — gov.kz



