НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ҚЫТАЙДЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесті. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық не өңіраралық серіктестікті нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқылады. Облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара сенім өңірлер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшыларының бастамалары мен өзара сенімге негізделген саяси диалогы Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға тың серпін беруде. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басты. Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси сенім мен стратегиялық серіктестік сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Түркістан облысы да осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қытайлық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық береді. Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алып келеді. Бүгінде Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асырып, әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Тараптар сауда айналымын арттыру, бірлескен өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Қытай консулы Түркістан облысының даму қарқынына жоғары бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін айтты.
Түркістан облысы Қытайдың бірқатар өңірлерімен тікелей байланыс орнатқан. Атап айтқанда, Хубэй, Шэньси, Хэйлунцзян, Хэнань және Гуйчжоу провинцияларымен, сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Баянгол-Моңғол автономиялық округімен бауырластық қатынастар орнату туралы келісімдер жасалған.
Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 548,9 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, нақты жобаларды іске асыру арқылы өңірдің өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыруға басымдық береді.
Источник: Акимат Туркестанской области — gov.kz



