Елорда тұрғындары жыл басынан бері TazaQazBot чат-ботына 2 мыңнан астам өтінім жолдады
Елордада тұрғындардың өтініштерін Telegram желісіндегі TazaQazBot чат-боты арқылы қабылдау және өңдеу жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылдың басынан бері онлайн-платформаға 2164 өтінім түсіп, оның 1937-сі орындалды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Тұрғындардың басым бөлігі аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру және қоқыс үйінділерін жою мәселелері бойынша өтініш жолдайды. Барлық өтінім белгіленген мерзімде қаралады. Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудыратын жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық сервистердің басты артықшылықтарының бірі – процестердің ашықтығы. Пайдаланушылар өтінімдерінің орындалу барысын әр кезеңде бақылап отыра алады. Жұмыс аяқталғаннан кейін оларға фотоесеп ұсынылып, орындалған жұмыстың сапасын бағалау мүмкіндігі беріледі.
Өтініштердің барлығы аумақтарды тазалау мен қоқыс шығарудан бастап, жолдарды жөндеу, жарықтандыру, көгалдандыру және су айдындарын тазартуға дейінгі 24 санат бойынша бөлінеді. Бұл өтінімдерді тиісті қызметтер арасында тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
TazaQazBot цифрлық сервистер тұрғындар мен мемлекет арасындағы байланысты жақсартуға, мәселелерге жедел ден қоюға, әкімдіктер жұмысының тиімділігін арттыруға және қала мен елдегі тәртіпті нығайтуда нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететінін көрсетіп отыр.
TazaQazBot – қалада жайлы орта қалыптастыруға көмектесетін тиімді құрал.
#ТазаҚазақстан #экология
Источник: Акимат города Астаны — gov.kz



