Ұстаздар марапатталды
Қай заманда да кез келген жетістік пен жаңалықтың басында білім мен ғылым тұратындығы баршамызға аян.
Сол жетістік пен жаңалықты ашатын адамды, тұлғаны қалыптастыратын, ол — ұстаз. Елімізде білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасуда. Бұл ел ертеңі, ұлт болашағы — жастарға жасалған қамқорлық.
Ағымдағы жылы 6 қазан күні Мұғалім күні кәсіби мерекесіне орай Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков және аудандық мәслихат депутаттары ұстаздармен кездесу өткізді. Кездесу барысында ұстаздарға жылы лебіздер айтылып, олардың қоғамдағы маңызды рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріне құрмет білдірілді. Ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың білім саласына қосқан өлшеусіз еңбектерін айрықша атап өтіп, алғыс білдірді.
Құттықтаудан соң, мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін және кәсіби мерекеге орай білім саласының мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Білімді, бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болсын. Ұстаздарымызға жаңа бастамаларда сәттілік, ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін игі қызметтеріне табыс тілейміз. Жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыруға тілектеспіз.



