ТҮРКІСТАНДЫҚ ПАРА ДЗЮДОШЫЛАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Грузияның астанасы Тбилиси қаласында 24–27 қыркүйек күндері аралығында өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында Түркістан облысының спортшылары жүлделі орындарға ие болды. 48 мемлекеттің үздіктері қатысқан дүбірлі додада облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, қоржынға екі медаль салды.
Атап айтқанда, 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Құлмұрза Бексұлтан күміс жүлдегер атанса, +95 келі салмақта белдескен Оналбек Бағланбек қола медальды иеленді. Осылайша, ел намысын қорғаған пара дзюдошылар әлемдік додада Қазақстанның көк туын желбіретіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Әлемдік додада қол жеткізген бұл нәтиже спортшылардың табанды дайындығы мен қажырлы еңбегінің жемісі. Сондай-ақ жеңісте жаттықтырушылардың да үлесі зор. Жерлестерімізді жарысқа пара дзюдодан Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Шавкат Ешматов пен жаттықтырушы Нұрбол Шайманов дайындады.
Айта кетейік, жалпы клуб спортшылары жыл басынан бері Қазақстан Республикасы, Азия және Әлем чемпионаттарында, сондай-ақ Әлем кубогы мен Гран-при турнирлерінде жалпы есепте 160 медаль иеленген. Оның ішінде 53 алтын, 55 күміс және 52 қола медаль бар. Бұл – спортшылардың жүйелі түрде дайындалып, республикалық және халықаралық жарыстарда Түркістан облысының мерейін үстем етіп жүргенінің жемісі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Источник: Акимат Туркестанской области — gov.kz