Қазақстан Орталық Азияда денсаулық пен әл-ауқат мәселелері жөніндегі екінші Жол картасын іске қосуды қолдады

Қазақстан Орталық Азияда денсаулық пен әл-ауқат мәселелері жөніндегі екінші Жол картасын іске қосуды қолдады

Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өз сөзінде халық денсаулығын климаттық қауіптерден қорғау, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту және цифрлық денсаулық сақтауды дамыту Орталық Азия елдері ынтымақтастығының басым бағыттары екенін атап өтті. Бүгін Қазақстан делегациясы ТМД Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық кеңесінің 39-отырысына қатысуда.

Өңір елдері күш біріктіре алатын бағыттардың бірі – Арал маңы мен Каспий бассейніндегі халық денсаулығын сақтау және экологиялық қауіптерді азайту. «Бұл жұмыстың маңызды жалғасы Қазақстанның Антальяда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясына (COP31) қатысуы болды», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Қатысушылар аптап ыстықтың жүктіліктің өтуіне, оның нәтижелеріне, сондай-ақ жаңа туған нәрестелер мен сәбилердің денсаулығына әсерін талқылады. Кездесу барысында жылу стресінің репродуктивтік денсаулыққа әсері, оның ішінде Арал маңындағы экологиялық өзгерістер жағдайында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері де таныстырылды.

Климат пен денсаулық мәселелері бойынша ынтымақтастық 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында одан әрі дамыды. Қазақстан мен ДДҰ бірлесіп ұйымдастырған министрлік сессияның қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Әзербайжан ДДҰ қолдауымен Арал маңы мен Каспий бассейнінде халық денсаулығын сақтау және экологиялық қауіптерді азайту жөніндегі бірлескен құжат қабылдады.

Қазақстан климаттық қауіптерді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) күнделікті жұмысына енгізуді маңызды деп санайды. Бұл бастапқы буын мамандары үшін ыстықтың әсерінен туындайтын ауруларды дер кезінде анықтау және ең осал пациенттерге, әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеруді білдіреді. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың төтенше жағдайларға дайындығын арттыру да маңызды міндеттердің бірі.

Алматы және Астана декларацияларының МСАК жөніндегі қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстан мамандарды даярлау бағдарламаларын кеңейтуді, өңір елдерімен тәжірибе алмасуды және бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық коалиция құру бастамасы да қолдайды.

Цифрлық денсаулық сақтау саласында Қазақстан Орталық Азия елдері тәжірибе алмасатын CARINFONET өңірлік желісінің жұмысын үйлестіруді жалғастыруда. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары – телемедицинаны дамыту, сапалы медициналық деректерді бірлесіп пайдалану, сондай-ақ эпидемиологиялық мониторинг жүргізу және климаттың өзгеруіне байланысты денсаулыққа төнетін қауіптерді болжау үшін жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды қолдану болып табылады.

Источник: Министерство здравоохранения РК — gov.kz