МАҚТА, ЖЫЛЫЖАЙ, ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІСКЕ АРНАЛҒАН ӨНЕРКӘСІП ПАРКІ: СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨНДІРУШІЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан кәсіпорындарға барып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысып, өңір фермерлерімен кездесті.
Жергілікті өндіріске арналған өнеркәсіптік алаң
Шардарада вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге өндірістерді орналастыру және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылған шағын өнеркәсіптік паркке барды.
1 гектар аумақта алты өндірістік ғимарат салынса, тағы бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтауы мен құрылыс материалын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Өнеркәсіптік парк газ, электр және сумен жабдықтау, кәріз және кірме жолды қосқанда, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қосымша өндірістік үй-жай салу резидент санын кеңейтуге және шағын бизнесті дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Түркістанда Серік Жұманғарин «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субаймақ жұмысымен танысты. Онда ауданы 290 гектар аумақта 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 16 инвестициялық жоба орналастырылған. Бүгінгі таңда 665 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін алты кәсіпорын іске қосылған.
АЭА резиденттері полимерлі құбырлар, буып-түю материалдары, тау-кен металлургия кешеніне арналған өнеркәсіптік жабдық, сэндвич-панельдер, ауыл шаруашылығы техникасы мен тоқыма өндірісін дамытуда.
Толық циклді мақта агрокешені
АЭА аумағында Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешенінің бөлігі ретінде бірнеше кәсіпорынды салу қарастырылған. Бұл – мақта-тоқыма кластеріне кіретін облыстағы ірі жобаның бірі. Қытайлық Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын құны 146 млрд теңге тұратын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасы мақта өсіру мен толық өңдеуден бастап, дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді құрайды. Кешен аясында барлығы 11 кәсіпорын салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жоба бойынша сегіз өндірістік нысан пайдалануға берілді. Бұлар – төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбыры зауыты, иіру фабрикасы мен мақта тұқымын қайта өңдеу зауыты.
Сонымен қатар кешеннің шикізат базасы дамуда. Суды үнемдеу технологиясын қолдана отырып, 52 мың гектар жерге мақта егілді. Өнімділік гектарына 56 центнерге жеткен. 2024-2026 жылдары жобаны жүзеге асыру арқылы 1 200 адам жұмыспен қамтылды. Жобаны одан әрі дамыту шеңберінде тоқыма емес материал шығаратын зауыт, бояу зауыты мен тігін фабрикасы салынбақ.
Жұмыс сапарының соңында Серік Жұманғарин Түркістан облысының фермерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау шаралары мен басқа да жәйттерді талқылады.
Источник: Акимат Туркестанской области — gov.kz



