ТАЙҚАЗАН – ҚОС ӨҢІРДІ ЖАЛҒАҒАН РУХАНИ КӨПІР

Павлодар облысының Баянауыл ауданында Түркістаннан арнайы жеткізілген Тайқазанның көшірмесі бой көтерді.

Осы көктемде Баянауылдан бір топ зиялы қауым мен азаматтар Түркістанға арнайы ат басын бұрып, киелі шаһарға қылқан жапырақты ағаш көшеттерін тарту еткен болатын. Бұл – бауырлас өңірдің Түркістанға деген ыстық ықыласы мен құрметінің жарқын көрінісі. Игі бастаманың ұйытқысы болған баянауылдық кәсіпкер Марат Ізбастинге алғыс білдіреміз.

Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Баянауылдан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, қонақ кәде ретінде Тайқазанның көшірмесін сыйға тартқан еді. Бүгінде сол сый Баянауыл төрінен өз орнын тауып, Түркістан мен Сарыарқа арасындағы достық пен рухани сабақтастықтың символына айналып отыр.

Тайқазанның ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, қос өңір арасындағы рухани байланыстың нығая түсуіне мән берді.

Баянауыл ауданының орталығындағы Мәдениет үйінің алдына орнатылған жәдігердің ашылу рәсімінде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов Сарыарқа жұртының ыстық ықыласын жеткізсе, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қасиетті Түркістанның ақжолтай сәлемін жолдады.

Белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков арнау айтып, рухани шараның ажарын аша түсті. Ел ағаларымен бірге Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев Тайқазанның бетіндегі жібек матаны түріп, қасиетті жәдігердің ашылу рәсіміне қатысты.

Тайқазан – халқымыздың тарихы мен руханиятын, ел бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын қасиетті жәдігер. Оның Баянауыл төрінен орын алуы – Түркістан мен Сарыарқа арасындағы бауырластықтың, достықтың және ортақ құндылықтарға деген құрметтің белгісі.

Осындай игі бастамалар өңіраралық байланысты нығайтып, тарихи-рухани мұрамызды дәріптеуге және ел бірлігін бекемдеуге қызмет ете берсін!

Источник: Маслихат города Туркестан — gov.kz