Ұлытау облысында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бейнеэстафетасы басталды
Ұлытау облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша бейнеэстафета басталды.
Бастаманың мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби жетілуіне ықпал ету.
Бейнеэстафетаны аталған бағыттың Ұлытау облысы бойынша үйлестірушісі Рахат Нұрмакамбетов бастап, мемлекеттік қызметшілерді кітап оқуға және рухани дамуға шақырды.
«Бүгін біз кітап оқуды жеке әдет қана емес, зияткерлік дамудың және кәсіби жетілудің маңызды құндылығы ретінде насихаттауымыз қажет. Марафон аясында қатысушылар ұсынылған 15 кітапты оқып, әр шығарма бойынша өз пікірлерін білдіреді», – деді Рахат Нұрмакамбетов.
Марафон шарттарына сәйкес, қатысушылар әр кітап бойынша кемінде 250 ұпай жинауы тиіс. Ал аудандық немесе қалалық кезеңге өту үшін жалпы 3750 ұпай жинау қажет.
Бейнеэстафета аясында Ұлытау облысындағы мемлекеттік мекемелердің ұжымдары кітап оқудың маңызын дәріптейтін бейнеүндеулер жариялап, бастаманы жалғастыруға шақырылады.
«Кітап оқиық, ойымызды дамытайық, зияткер ұлт қалыптастыруға бірге үлес қосайық!» – деп үндеу жасады өңірлік үйлестіруші.
Аталған бастама мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, үздіксіз білім алу мен өзін-өзі дамыту мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Источник: Акимат области Ұлытау — gov.kz


